Серік Сәпиев – Марафонға достарымның барлығын шақырдым
27 тамыз күні Астанада өтетін ШЫҰ марафонына бірқатар отандық өнер, шоу-бизнес және спорт жұлдыздары қатыспақ. Солардың арасында Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев те бар.
Былғары қолғабын шегеге ілгенімен боксшы салауатты өмір салтын тастаған жоқ. Үнемі жаттығу жасап, спорттық бабында жүруге тырысады. Тілшімізге берген сұхбатында әуесқой бокстан екі дүркін әлем чемпионы марафонға дайындығы туралы айтып берді.
– Серік, жақында әйгілі Марат Жыланбаевтан жүгіру техникасы жөнінде сабақ алып, жаттығуына қатыстыңыз. Бұл сіздің марафонға қатысатындығызды білдіре ме?
– Жалпы, өзіме осындай әртүрлі марафондарға қатысқан қызық. Өзіңнің жігеріңді тексеруге таптырмас сынақ. Әлбетте, қатысамын. Бірақ, қай қашықтыққа жүгіретінімді әлі шешкен жоқпын.
– Бұған дейін мұндай марафондарға қатысқан ба едіңіз?
– Жоқ, ешқашан марафон жүгіріп көрмеппін. Биыл Қарағандыда өткен жартылай марафонға қатысқанмын. Бұл 20 шақырымдық қашықтық. Шынын айтқанда, дайындалмаған едім. Бір апта қалғанда үш рет кросс жүгірдім де, жеткілікті шығар деп ойладым. Дайындыққа аса мән бермедім. Сосын жүгіріп, мәреге жеткенде ғана марафонмен ойнауға болмайтынын түсіндім.
– Сонда қандай әсер алдыңыз?
– Сол жартылай марафонды бағындырғаныммен соңына қарай шаршап қалдым. Бастапқыда бірден қарқынды күшейттім де, сол қарқынмен 20 шақырымды оп-оңай жүгіріп өтемін деп ойладым. Қателесіппін. Соңына таман ентігіп қалғаным есімде. Соңғы шақырымды әзер бітірдім. Енді түсіндім. Марафонда ешқайда асығуға болмайды екен. Жеңіл жүгіріп-ақ 42 шақырымды бағындыруға болады.
– Ал спортшы кезіңізде 20 шақырымға жүгіріп көрген бе едіңіз?
– Боксшыларға бұл аса қажет те емес. Жаттығулар барысында біз басқа нәрселерге басымдық береміз. кроссқа келсек, негізінен қысқа қашықтықты уақытқа жүгіретінбіз. Сондықтан ешқашан да 20 шақырымға жүгіріп көрмеппін. Көбіне 14-16 шақырымдық кросстарға көңіл бөлдік.
– Сонымен, алдағы марафонда қай қашықтыққа жүгіруді жоспарлап отырсыз?
– Кемінде 10 шақырымға жүгіретінім анық. Дегенмен, Марат Жыланбаевпен ақылдасып көремін. Бәлкім, марафонды толық жүгіретін шығармын. Өйткені, 10 шақырым дегенің мен үшін жай ғана жаттығу іспеттес. Кішкене адреналин алғым келеді. Әлі дайындыққа уақыт бар. Бабымда болу үшін тағы біраз жаттығулар жасауым керек. Неде болса, 42 шақырымды таңдаймын-ау.
– Жақында Жыланбаевтан шеберлік сабағын алдыңыз. Бірнәрсе үйрендіңіз бе?
– Әлбетте, Марат Төлегенұлының сол жаттығуы маған үлкен пайдасын тигізіп жатыр. Ол қалай дұрыс жүгіру керектігін өзі көрсетті. Жаттығу өткізіп, біраз нәрсені түсіндірді. Енді марафонды қалай жүгіру керектігін түсініп қалдым. Оның кеңестері ертең марафон кезінде көп көмегін тигізеді деп ойлаймын.
– Марафонға өзіңіздің боксшы достарыңызды шақырдыңыз ба?
– Менің барлық достарым бұл марафоннан хабардар. Өйткені, марафон туралы күнде сайттарда жазылып, телеарналарда көрсетіліп жатыр. Күнде әлеуметтік желілерден осы туралы жаңалықтар оқып қаламын. Сондықтан, олар менің шақыруымсыз-ақ өздері келеді деп ойлаймын. Ал боксқа қатысы жоқ басқа достарымды шақырдым. Орайы келгенде елорда тұрғындары мен барлық қонақтарын марафонды бірге жүгіруге шақырамын. Тым болмаса, 27 тамыз күні жай ғана көшеге шығып, бізге жанкүйер болыңыздар!